«Жамбыл  атындағы  жалпы білім беретін бастауыш мектеп» ММ

 

 

1-қыркүйек білім күніне орай өтетін «Алғашқы қоңырау» салтанатты жиынының

БАҒДАРЛАМАСЫ

 

 

2019-2020 оқу жылы

 

2019-2020  оқу жылындағы «Алғашқы қоңырау» салтанатты жиыны

Мақсаты: Білім аушыларға  білім күні үлкен мереке екенін жеткізе білу, сезіну білімге деген құштарлығын арттыру, еліміздің білімді, тәрбиелі азаматын елжандылыққа тәрбиелеу.

Жоспары:
1. Сапқа тұрғызу
2. 1 сынып оқушыларын  шақыру
3. ҚР мемлекеттік туын енгізу 
4. ҚР әнұраны
5. Мектеп директорының құттықтауы

  1. Ән
  2. Қонақтардың құттықтау сөзі
  3. Би
    9. Алғашқы қоңырау ұру салтанаты
    10.  ҚР мемлекеттік туын шығару
    11.  Қорытынды сөз
    12.  Оқушыларды мектепке кіргізу
    Мектеп алаңын дайындау, шарлар, жалаушалар  ілу.

Жүргізуші : Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, ата-аналар және Тәуелсіз еліміздің ұлағатты ұрпақтары.

           Әлемдік өркениетке ұмтылудың өзегі білім, ғылым екенін ұғына біліп, қуаты күшті Ата Заңымыздың аясында нық сеніммен болашаққа қадам басқан жас өрендер, ата – аналар, және ұстаздар! Алғашқы қоңырау салтанатына қош келдіңіздер. Арайлы жаздың үш айын мазмұнды да, мәнді өткізіп, сағынышпен алтын ұя мектебімізге оралып отырған оқушыларды құттықтаймыз.

        Тәуелсіз елдің тілегі – бейбітшілік, тыныштық. Келешегі – білімді  ұрпақ. Ендеше, бүгінгі  Білім   еліне  саяхатқа  шыққан, шуақты қыркүйек айының алғашқы күнінде               1 сынып  табалдырығын алғаш аттағалы отырған бүлдіршіндерімізді алғашқы ұстаздарымен ортаға шақырамыз.
І Жүргізуші : 1 сынып оқушыларын  білім  әлеміне   Алмагүл Бақтығұлқызы  бастап апарады .

Назар аударыңыз!

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ресми түрде енгзілсін.  ( Туды енгізу рәсімі)

Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны орындалсын!

 

Жүргізуші : Бірінші қыркүйек білім күніне арналған салтанатты жиынымызды ашық деп жариялаймыз!

Ендеше, бүгінгі мерекеге қатысып отырған құрметті қонақтармен таныс болыңыздар:

  1. Аудандық білім бөлімінің әдіскері С.Б.Жарылғасова
  2. Аудандық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы А.И.Рахметов

Жүргізуші: Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы - қоғам дамуына тың серпін беріп, барша қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болар тарихи бастама. Бұл игі бастаманы ел ішінде насихаттап, лайықты жүзеге асыру- баршамыздың міндетіміз.

 Жүргізуші :    Жүрегі нұр, өмірі гүл ұстаздың,
                           Сондықтан да ұстазыңа ұқсағың.
                           Адам жанын тәрбиелеп аялар,
                           Құрметті ғой әрбір ісі ұстаздың

Жүргізуші : «Алғашқы қоңырау» мерекесін салтанатты түрде ашу үшін алғашқы сөз кезегі мектеп директоры   Салтанат Тарихқызына  беріледі.

Жүргізуші :                 Бүгін қандай шаттық тола күн еді,

                                         Бүкіл әлем ерекше бір түледі.

                                         Балдырған жетектеген ата-ана,

                                         Қуаныштан жарылардай жүрегі,

                                      Білім көзін ашатынын біледі, —  деп балаларын мектепке   алғаш жетектеп келіп отырған ата-аналарға  қадамдарыңызға гүл бітсін, армандарыңызға   нұр бітсін демекпіз.

Ән: «Көк тудың желбірегені». Орындайтындар: 4 сынып оқушылары: Пайзолла Бейбарыс  және Ғыйлымғали Қуаныш.

Жүргізуші:

 Ардақты асыл мекен мектебіме,

Аяулы асыл жандар көп келеді.

Құрметпен қонақтарға сөз берейік,

Жақсы сөз жанға ыстық нәр береді.

 

Келесі құттықтаудың кезегі қонақтарда (Қонақтарға сөз беріледі)

  1. Аудандық білім бөлімінің әдіскері С.Б.Жарылғасова
  2. Аудандық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы А.И.Рахметов

   

Сіздердің құрметтеріңізге, ақ тілектеріңізге арнап 3 сынып оқушыларының «Қазақ биі»  орындалады.

Жүргізуші:Халқымыз «Ата – баба дәстүрі –асыл мұра» дегендей «Бала бауыр етім» деп баласы шыр етіп   дүниеге келгеннен бастап, әрбір қадамына

 

қуанып, шілдехана, бесік той,тұсау кесер, ашамайға отырғызу сияқты тойларын жасаған. Ал бүгінгі тоймыз бүлдіршіндердің бал дәурен шағымен қоштасып, білімге талпынған қадамы яғни  1 сыныпқа қабылдануы. Олай болса, биылғы оқу жылына қабылданған патриот жас ұландарымыз сіздерге сәлем жолдайды. ( 1 сынып оқушыларының тақпақтары)

1оқушы: Абзал жандар, биік тұлға байсалды,

Құшақ жайып шәкірттерін қарсы алды.

Өздеріңе жүрекжарды сөз айтып,

Құттықтайды 1-сынып баршаңды.

 

2 оқушы: Сәлем, саған мектебім,

Алғыстарым көп менің.

Оқу, білім, тәрбие

Ой санама еккенің.

 

3 оқушы: Қуаныш бүгін – мереке,

Шуағын шашып тұр әлем.

Мектепке келген алғашқы,

Жан досым, саған мың сәлем.

 

4 оқушы: Биыл мен де мектепке

Біріншіге барамын.

Мақтанбаймын мен текке,

Дайын дәптер, қаламым.

 

5 оқушы: Мектепке енді барамыз,

Біз оқушы боламыз.

Жақсы оқып сабақты,

Кілең бестік аламыз.

 

6 оқушы: Өсті міне бойымыз,

Өсті міне ойымыз.

Қуанышқа ортақпыз,

Құтты болсын тойымыз.

 

7 оқушы: Отанның біз ұл-қызы,

Халықтың біз жұлдызы.

Оқимыз ақын-жырларын,

Оқимыз еңбек сырларын.

 

8 оқушы: Мектебің мынау класың

Осында он жыл тұрасың

Тарыдай болып кіресің

Таудай болып шығасың.

 

 

 

9 оқушы: Арттырған шәкірт талғамын,

Ұстаздар – үміт ардағым.

Өзіңнен үміт нәрін ап,

Қырандай алға самғармын

 

10 оқушы: Мен оқушы баламын

– Оқып, білім аламын.

Мектеп - ұям, өзіңе

Арналады бал әнім.

 

11 оқушы: Мектеп үйім, ұстаздарым ата – анам,

Сенен өсіп, сенен ғана нәр алам.

 Саяң ыстық, сен мәуелі бәйтерек,

Тамырлары сан тарапқа тараған.

 

12 оқушы: Бүгінгі күн құшақтары гүлге толсын,

Дендеріңнің саулығы мықты болсын.

Білімімен суарған шәкірттерін,

Ұстаздар мереке күн құтты болсын !

Жүргізуші: Жарайсыңдар,  білімнің шыңынан көрініңдер әрдайым.

 

Жүргізуші: Оқитын әрі жазатын,

Білімге қол созатын.

Оқушы болдың,  қарағым,

Білімнің кілтін ашатын.

  Келесі құттықтау  сөз кезегін  балапандарын ертіп келген құрметті ата-аналарымызға береміз.    Ортаға 1 сыныптың ата-анасы     Жанипа әжеге береміз.     

Жүргізуші: Ұмытпаймын алғашқы қоңырау үнін,

Ұмытылмас елім үшін күн бүгін.

Мектептегі алғаш берер білімге,

Соғайықшы алғашқы қоңырау сыңғырын.

                                                                                                                                                              2019-2020  жаңа  оқу жылының Алғашқы қоңырау соғуды  1 сынып оқушысы  Серікқали Шаһризада   және  Ғилымғали Қуаныш  ие болып отыр.

(қоңырау соғылады)

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын шығару салтанаты

Назар аударыңыз!

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы шығарылсын.  ( Туды шығару  рәсімі)

Жүргізуші:  Қымбатты оқушылар, аяулы ұстаздар мен құрметті ата-аналар, Білім күніне арналған салтанатты жиынымызды жабық деп жариялаймыз. Жаңа оқу жылы баршаңызға құтты болсын! Ақ жол сіздерге, мектеп оқушылары!